Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Шенеунік облыстық көпсалалы балалар ауруханасының реанимация және оңалту бөлімін, онкологиялық орталықтың сәулелік терапия бөлімшесін аралап, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына назар аударған. Сонымен қатар аудандық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелеріне барып, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты.
Сапар аясында вице-министр Тайынша ауданындағы балаларды оңалту орталығының жөндеу жұмыстарын да көрді. Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 алғашқы медициналық көмек нысанының құрылысы аяқталған. Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасы жаңғыртылып жатыр. Мұнда инсульт пен кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Бұл бастамалар шамамен 55 мың ауыл тұрғынына сапалы және қолжетімді медициналық көмек алуға жол ашады.
Кездесу барысында өңір тұрғындары дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің қолжетімділігі, жоспарлы вакцинация және кадр тапшылығы мәселелерін көтерді. Бұл мәселелерге қатысты Т.Сұлтанғазиев нақты жауаптар беріп, атқарылып жатқан шараларды түсіндірді. Ол өз сөзінде өңірде 6,9 мың медицина қызметкері жұмыс істесе де, дәрігерлер мен медбикелерге деген тапшылық әлі де өзекті екенін жеткізді. Осыған байланысты медициналық білім беру жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.
Брифингте министрлік тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өмір сүру ұзақтығының артып, 2024 жылы 73,68 жасқа жеткені, жарақаттан болатын өлім-жітімнің 8%-ға, тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітімнің 5%-ға азайғаны айтылды. Ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында өңірде ана өлімі тіркелмеген. Бұл көрсеткіштер өңірдегі медициналық көмектің сапасы мен тиімділігінің артқанын көрсетеді.
Сондай-ақ скринингтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа диагностикалық сынақтар енгізіліп, нысаналы топтың жас шегі 76 жасқа дейін кеңейтілгені хабарланды. 2025 жылдың екінші жартысынан бастап 50 жастан асқан ер адамдарға инсультті ерте анықтауға бағытталған скрининг жүргізілмек. Бұдан бөлек, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап онкоскринингтер сақтандырылмаған азаматтар үшін де қолжетімді болады. Вице-министр бұл бастамалардың барлығы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.