21 маусымда Алматы-Бішкек тасжолында жол апаты болды. Қайғылы оқиғадан бес адам көз жұмды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жол апаты тасжолдың 135-шақырымында екі көліктің соқтығысуы салдарынан болған. Алматы облыстық полициясының мәліметінше, көліктердің бірі қарсы жолаққа шығып кеткен.

"Алдын ала мәлімет бойынша, 42 жастағы Mitsubishi Pajero жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, алдымен Toyota Highlander көлігімен, кейін жүк көлігі DAF-тың тіркемесімен соқтығысқан. Апат салдарынан оқиға орнында бес адам қаза тапты. Олардың төртеуі — Mitsubishi Pajero жолаушылары, біреуі — Toyota Highlander көлігінің жолаушысы. Жол апатына қатысқан қалған адамдар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді", — деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық ПД басшылығының бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Күлджин тасжолында Audi көлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, темір қоршауға соғылған. Жол апаты салдарынан жолаушы қаза тапты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз