Келіншек ауруым одан сайын асқынып кетті деп налиды.

Қызылорда қаласында соқыр ішекпен ауырған жүкті келіншек дәрігерлердің отасынан соң сәбиінен айырылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

23 жастағы жас ананың айтуынша, ақ халаттылар ішін тілгенде жиналған сұйықтықты сыртқа шығармаған. Соның кесірінен ауруым асқынып, әлі күнге дейін айыға алмай жүрмін деп ашулы. Ең сорақысы, сол операциядан кейін сәби көтере алмайтын хәлге түстім деген әйел дәрігерлердің жазаланғанын қалайды.

Асыға күткен екінші сәбиінен айырылған жас жұбайлар Нұрлан мен Гүлім бұл қайғыға дәрігерлерді кінәлайды. Келіншек былтыр құрсақ көтергеніне бес ай болғанда, соқыр ішекпен ауырып ауруханаға түскен. Алайда ақ халаттылар жүкті екенімді біле тұра, тиісті тексеруден өткізбей ота жасады дейді. Оның үстіне операция кезіндегі қателіктерден ішкі ағзама ірің жиналып, ауруым одан сайын асқынып кетті деп налиды.

"Ауырады ішек құрылыс әлі күнге. Құрылдайды. Мен қазір дәрімен жүрмін. Ауыр көтере алмаймын. Кішкентай көтердім. Ол өспей, түсіп қалды. Врачтарға көрініп ем, олар уже организмнің қабылдамай тұр дейді. Жағдайым қиындап барады", – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлім Әбілдаева.

Демек, сәтсіз отадан соң дәрігерлер тағы бірнеше рет ішкі құрылысымды тілді дейді келіншек. Сөйтіп жүргенде, өмірге келген бес айлық нәресте шетінеп кеткен. Содан бері емделу үшін ауруханалардың табалдырығын тоздырып, бір жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген жас жұбайлар ақ халаттылардың жазаланғанын талап етеді.