Мемлекет басшысы бұл құжатты қолдайтын болса, онда кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Мәжіліс Сенаттың жаңа Салық кодексі мен оған ілеспе заңға енгізген түзетулермен келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылғы 30 сәуірде Мәжіліс Салық кодексін және оған ілеспе заңды қабылдап, Парламент Сенатының қарауына жіберді. 2025 жылы 23 маусымда олар Парламент Мәжілісіне қайтарылды. Сенат Салық кодексіне 131 түзету енгізді. Оның ішінде 41 позиция бойынша Кодекстің тұжырымдамалық тұстарын өзгертпейтін жаңа нормалар ұсынылды. 70 позиция бойынша мәтін, сондай-ақ өтпелі ережелер мен жекелеген нормативтік құқықтық актілерді енгізу мерзімдері нақтыланған және жетілдірілген. 20 позицияда салық әкімшілендіру бойынша нормалар нақтыланады", – деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Ілеспе заң бойынша Сенат 35 позиция енгізді. Олар редакциялық және нақтылау сипатына ие, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне, оның ішінде Сенат енгізген түзетулерге сәйкестікке келтіруді көздейді.

Жалпы Сенат енгізген түзетулер заңдардың тұжырымдамалық нормаларын өзгертпейді.

"Бүгін Мәжіліс депутаттары отырыста жаңа Салық кодексі бойынша шешім қабылдады. Сенат депутаттарының ұсыныстарын қарастырып, оны қабылдады. Енді бұл құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі. Егер Президент бұл құжатты қолдайтын болса, онда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді", – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында.

Айта кету керек, бұған дейін сенаторлар жаңа Салық кодексін Мәжіліске қайтарғанын жазған едік.