Жалпы инвестиция көлемі – 30,5 млн АҚШ доллары, жобалық қуаты – жылына 225 мың тоннаны құрайды.
Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов "Knauf" компаниясының басқарушы серіктестері атынан ТМД елдері бойынша өкілі Александр Блюмхардтпен инвестициялық келісімге қол қойды.
100 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімнің 80%-ы Қазақстанның ішкі нарығына, ал қалған 20%-ы ЕАЭО елдері мен Орталық Азияға экспортталады.
"Knauf" компаниясы қазірдің өзінде 84 млн тонна қоры бар Үлкен-Бұрылтау кен орнында гипс өндіруге лицензияға ие. Бұл өндірісті ұзақ мерзімді шикізатпен қамтамасыз етеді. Зауыт құрылысы барлық қажетті сараптамалардан өткеннен кейін минералдық шикізатты өңдеу желісінен басталады.
Ғ.Оспанқұлов жаңа зауыттың өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға қосатын үлесін атап өтті. "Knauf" сынды жаһандық көшбасшылардың қатысуымен жүзеге асырылатын мұндай ірі жобалар – еліміздегі тартымды әрі тұрақты инвестициялық ортаны құру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін де күшейтеді", – деді ол.
Өз кезегінде А.Блюмхардт Қазақстан тарапына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, жобаның табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
"Қазақстан – бұл өңірде бизнесімізді дамыту үшін басым бағыт. Елде қуатты шикізат базасы, өсіп келе жатқан нарық және инвесторларға ашық көзқарас бар. Біз Қазақстандағы қатысуымызды кеңейтіп, құрылыс саласының дамуына үлес қосуға қуаныштымыз", – мәлімдеді "Knauf" өкілі.