Сотталушы жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Петропавлда астан уланған балаларды ажалдан құтқара алмаған медбике екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Медицина маманы жедел көмек көрсетпегені үшін кінәлі деп танылып, тура сот залында қамауға алынды. Сонымен қатар сотталушы жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Еске салсақ, бір жыл бұрын Надежка ауылында бүтін бір отбасы астан уланып, екі кішкентай бала қайтыс болған еді. Келіншек дүкеннен тұшпара мен сусын алып, кешкі ас ішкен. Содан кейін анасы мен үш баласы өздерін жайсыз сезініп, жағдайы нашарлаған. Салдарынан үш жасар ұл мен алты жастағы қыз ауруханаға жетпей көз жұмды.

Ал әйел мен үлкен ұлы дәрігерлердің көмегімен аман қалған. Тергеу жанұяның нақты неден уланғанын анықтай алмады. Қара жамылған отбасы үкіммен келіспейді.

"Медбике өзі ісіне салғырт қарады. Демек, балаларға алғашқы медициналық көмек көрсете алмады. Дәрігерлерге хабарласып, ауруханаға дер кезінде жібергенде перзенттерім аман қалар ма еді. Екі жыл аз. Мен қайғыдан қан жұтып отырмын әлі күнге дейін. Қатаң жазаланғанын қалаймын. Аппеляцияға беремін", – деді марқұмдардың анасы Галина Коваленко.