Тіл туралы заңнаманың орындалуын Қырғызстанның мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясы қадағалап, айыппұл салып отырады.

Қырғызстанда мемлекеттік тілді қолдануға қатысты заң жобасы қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты 24.kg ресурсына сілтеме жасап.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенештің отырысында депутаттар мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екінші және үшінші оқылымда мақұлдады.

24.kg мәліметінше, түзетулерге сәйкес, Жогорку Кенеш депутаттары, министрлер кабинеті төрағасы мен оның мүшелері, Конституциялық, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, прокурорлар, тергеушілер міндетті түрде қырғыз тілін білуі тиіс.

Сондай-ақ:

  • Ұлттық банк қызметкерлері, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері қырғыз тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеуі тиіс;
  • Елдегі адвокаттар мен нотариустар да қырғыз тілін жеткілікті деңгейде меңгермесе, қызмет көрсетуге лицензия берілмейді;
  • "Телеарна және радиохабар тарату туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік тілдегі хабар тарату үлесі жалпы эфир көлемінің кемінде 60 пайызын құрауы тиіс;
  • "Сыртқы көші-қон туралы" заңға енгізілетін түзетулер бойынша, егер шетелдік азамат тұрақты тұруға қажетті деңгейде мемлекеттік тілді меңгермесе, оған тұруға рұқсат беруден бас тартуға негіз болады.
  • Қырғыз тілін білмеген адам иммигрант мәртебесін ала алмайды;
  • Мемлекеттік тілде дайындалған жарнама мәтіні орфография ережелері мен тіл заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан жергілікті атқарушы органмен алдын-ала келісілуі тиіс.

Құжатта көрсетілгендей, тіл туралы заң талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін жеке тұлғаларға 5 мың сом, заңды тұлғаларға 17 мың сом көлемінде айыппұл салынады.