Қазақстанда жеке тұрғын үйлердің шатырында орнатылған күн панельдері тек тұрмыстық қажеттілікті өтеумен шектелмей, қосымша табыс әкелмек.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәліметінше, артық энергияны өңірдегі орташа тарифпен электр тарату компаниялары сатып алуға міндетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда жаңартылған заңнамаға сәйкес, үй иелері қуаты 200 кВт-қа дейінгі күн панельдерін шатырға орната алады. Осы энергияның 100 кВт-ы тұрғынның өз қажеттілігін жауып, қалған 100 кВт-ы желіге сатылуы мүмкін.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сұңғат Есімханов бұл тетіктің тиімділігін атап өтті:
"Соңы бір жылда тұрмыстық шағын станциялардың жалпы қуаты екі есеге артты. Шағын бизнес те бұл мүмкіндікті белсенді пайдалана бастады. Түсіндіру жұмыстарын әкімдіктермен бірігіп күшейтеміз", - деді вице-министр.
Министрлік өкілінің айтуынша, күн энергиясын өндіру мен сату процесін жеңілдету үшін құжаттық рәсімдеу ықшамдалған. Энергия тарату компаниялары артық қуатты қабылдап, тұтынушыға төлем жасауды заңмен бекітілген тәртіппен жүзеге асырады.
Сала мамандарының пікірінше, бұл бастама жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін беріп, үй шаруашылықтарының шығынын азайтып, қосымша табыс табуға жол ашады. Вице-министр тұрғындарды мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырды.