Жыл басынан бері 17 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғасынан зардап шегіп, 740 азамат көз жұмған. Ал өткен жылы зардап шеккендер саны 43 мыңнан асты. Оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында бүгін «QazaqGaz» ұлттық компаниясы «Стоп жол-көлік оқиғасы» акциясын өткізді.

Ұлттық компания қызметкерлерінің бүгінгі күні жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталды. 700-ден астам қызметкер ғимарат аумағында көлікпен соқтығысу әсерін көрсететін арнайы тренажерге отырып, қауіпсіздік белдігінің тиімділігін сынап көрді.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Бізде күнделікті жұмысымызда көлікке қатысты тәуекелдер өте мол. Сондықтан осы тәуекелдерді азайту үшін ұлттық компания өзінің жұмыскерлері үшін әртүрлі ауқымды жобаларды іске асырады. Жұмыскерлеріміздің қауіпсіздігі, өмірі, денсаулығы одан да жоғары деп ойлаймыз.

Қауіпсіздік мақсатында сынақта 10 шақырымдық жылдамдық қана ұсынылды. Алайда соның өзі жұмысшыларға үлкен әсер қалдырды.

Асқар Дюзимов, «QazaqGaz Onimderi» ЖШС еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы:

- Небәрі 10 шақырым жылдамдық болса да, әсері өте үлкен және әрқайсысымыз үйде жүргізушіміз. Бала-шағамызды, отбасымызды тасимыз. Менің, мысалы, бала-шағам белдікті тақпай, ЖКО-ға түсіп қалған жағдайда қандай жарақат алуы мүмкін деп елестетемін. Соны мен өмірімде әрқашан сабақ ретінде алып жүремін деп ойлаймын.

«QazaqGaz» компаниясының өндірістік қауіпсіздікке арналған шаралары Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалалары да қамтылмақ.

Авторлары: Назым Қайрат, Ақылбек Есімсейітов