Бұл жайт Үкімет отырысынан сой ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында белгілі болды .

Онда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев "Каспий теңізін мұнай дағы басып жатыр" деген болжамды теріске шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Вице-министрдің сөзінше, мұндай ақпарат былтыр да болған.

– Бұл ақпарат былтыр да тараған, бірақ ол дерек расталмады. Қазір аталған ақпараттың растығы дәлелденген жоқ. Қазақстан Республикасының аумағында, соның арасында Каспийге де қатысты ғарыштық мониторинг бар. Біздің ғарыштық зондтаудан мұндай ластану фактісін, яғни мұнай дақтарын анықтаған жоқ, – деді ол.

Жомарт Әлиев эко-белсенділердің дабылды нақтылай алмайтынына сенімді. Әрі "олар қателесті ме, оны да айта алмаймын" деп отыр.

– Белсенділер қателесті ме, әлде жаңсақтық па, нақты айта алмаймын. Айта кететін жайт, кейде ғарыштық зондтауда бұрмалану фактілері болуы мүмкін. Мысалы, бұлттар немесе басқа да көлеңке түсіретін объектілер. Бұл көлеңкелерді мұнай дағы немесе ластану ошағы деп қабылдауға болады. Биыл мұндай факті тіркелген жоқ, – деп сөзін нақтылай түсті вице-министр.