Екі дәрігер ем құжаттарды рәсімдеуде қателік жібергені үшін айыппұл арқалады.

Қызылордада соқыр ішекпен ауруханаға түсіп, құрсағындағы сәбиінен айырылған келіншектің шағымынан кейін ақ халаттылар жазаға тартылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Екі дәрігер ем құжаттарды рәсімдеуде қателік жібергені үшін айыппұл арқалады. Сонымен қатар медицина мамандарына сөгіс берілген. Алайда аурухана басшылары жас анаға тиісті көмек көрсеттік деп отыр. Демек, хаттамаға сәйкес ота жасалғанын жеткізді.

Айта кетейік, жүктілік кезінде ішек ауруына шалдыққан 23 жастағы Гүлім Әбілдаева бес айлық нәрестесінің шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлаған болатын.

Келіншек отадан кейін дертім керісінше асқынып, денсаулығым күрт нашарлап кетті деп отыр. Ақ халаттылардың жазалануын талап еткен әйел әлі күнге дейін ауруынан айыға алмай жүргенін айтқан еді.