Сенат кулуарында сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы.
Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, ұсталғандардың өздері консулдыққа хабарласқан.
"Қазір бұл істі Индонезияның құқық қорғау органдары қарауда, тергеу жүріп жатыр. Шешім шыққан бойда бізге ресми түрде хабарланады. Қазақстан елшілігі жұмыс істеп жатыр, бұл іспен консул айналысуда. Ұсталғандармен байланыс орнатылды. Шет мемлекеттің азаматтары басқа елде қамауға алынған кезде жергілікті билік бұл елдердің елшіліктерін хабардар етуге міндетті. Бұл жағдайда хабар берілді", – деді Бақаев.
Вице-министр Қазақстан мен Индонезия арасында құқықтық көмек көрсету туралы әзірге қол қойылған келісім жоқ екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан сонау 2014 жылы Индонезияға осындай келісімге қол қоюды ұсынған.
"Бұған дейін мұндай жағдайлар болған жоқ, сондықтан тәжірибе тұрғысынан қол қоюға немесе қандай да бір құжат қабылдауға қажеттілік болған емес. Бірақ қазір сондай жағдай пайда болып отыр, сондықтан бұл процесс жеделдейді деп ойлаймын", – деді ол.