Лос-Анджелес қаласында отандық кино түсіруші топ аяқасты жол-көлік оқиғасына тап келді.
Онда америкалық жүргізушінің көлігімен орман ішіндегі терең жарға құлағаны, қатты соқтығысудан автокөліктің өртеніп кеткені белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көз алдында болған жайтқа қазақ актёрі Саннұржан Сүлеймен шұғыл әрекет етіп, көлік жүргізушісін өлімнен құтқарып қалған. Оқиға куәгерлері оның жанып жатқан көлікке еніп, басын қатерге тіккенін айтады. Өйткені, автокөліктің кез келген жағдайда жарылып кетуі ықтимал еді.
Оқиға орында актёрден өзге режиссёр әрі продюсер Еркен Ялгашев, дыбыс режиссёрі Думан және актриса Айдана Сахари болған.
Еркен Ялгашев тез арада 911 құтқару қызметіне қоңырау шалып, жеделдік танытса, салмағы ауыр жүргізушіні 15 метрлік терең жардан шығару үшін Саннұржан, Еркен, Думан және екі мексикалық азаматтың көмегі көп тиген.
Сәлден соң оқиға орнына жедел жәрдем келіп, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткені анықталды. Америкалық азаматтың денесі айтарлықтай күйіп қалғанын фотолардан байқауға болады.
Еске салайық, Саннұржан Сүлеймен қазақстандық көрермендерге Ақан Сатаевтың "Районы" фильміндегі рөлі арқылы белгілі. Сонымен қатар, ол "Рэкетир-2" және "Бизнесмены" фильмдерінде эпизодтық рөлдерде бой көрсетті.