Кездесу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов испандық Tubacex Group компаниясының вице-президенті Антон Азлормен келіссөз өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тараптар өнеркәсіп кооперациясының келешегін талқылап, жоғары технологиялы өндірістер ашу мәселесіне тоқталды. Әсіресе мұнай-газ секторына қажетті, жіксіз құбырларды қоса қамтитын өнімдер шығару жайы назарға алынды.

Tubacex Group Атырау облысында тот баспайтын болат пен никель қорытпасынан жіксіз құбыр өндіретін, Орталық Азиядағы алғашқы зауыт салуды ұсынды. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 12 мың тонна дайын өнім.

Сонымен бірге заманауи мұнай-газ машина жасау зауытын іске қосу мүмкіндігі қарастырылды. Үкімет қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарға басымдық беріп, өнеркәсіп секторына инвестор тартуға бейіл екенін мәлімдеді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ашық әрі сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады. Тиісті ведомстволарға жобаларды пысықтап, іске асыруды жеделдету тапсырылды.