Қазақстанда жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленген.

ІІМ хабарлауынша, биыл 5 айда елімізде есірткіге қатысты 1445 қылмыс тіркеліп, олардың 991-і сату фактісі ретінде анықталған.

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Ішкі істер министрлігі елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәлімдеуінше, аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау бойынша 165 дерек тіркелді. Заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 476 кг синтетикалық есірткі бар. 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

– Интернет желісі арқылы есірткі қылмыстарын анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне 16 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттау жөнінде сұраныс жіберілген. Дегенмен бүгінде есірткі жарнамасы "жасырын" сипатқа көшіп, хабарландыру сайттары арқылы таралып жатыр, – деді Шұғыла Тұрлыбек.

Маусым айында басталған "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы да өз нәтижесін беруде. Операция маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін жүргізіледі. Биыл "Қарасора" операциясы аясында 299 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 168-і қылмыс. Заңсыз айналымнан 1 тонна 788 кг есірткі, 6 тонна прекурсор тәркіленіп, 7155 түп қарасора жойылды. Барлығы 272 адам ұсталған.

– Түркістан облысында трамадол препаратын заңсыз сатумен айналысқан бір ұйымдасқан топ құрықталды. Сондай-ақ төрт есірткі зертханасы жойылды, олардың екеуі синтетикалық заттар өндірсе, қалған екеуі фитозертхана болған, – деді ІІМ баспасөз хатшысы.

Бұдан өзге Абай, Павлодар және Жамбыл облыстарында 3 ірі ішкі есірткі арнасы жойылды. Қарасора өсетін аймақтарды бақылау үшін ІІМ Ұлттық ұланының тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз аппараттары қолданылуда. Бұл құрылғылар шөлді, қолжетімсіз аймақтарда есірткі өсімдіктерін бақылауға мүмкіндік береді.