Тексеру жұмыстары банктердің кешбэкті шетел валютасында беруіне байланысты.

Қазақстанда банктердің клиенттерге кешбэкті теңгемен емес, өзге валютада есептеуінің заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс екені анықталмақ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет кулуарында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, Freedom Bank ұсынатын кешбэк жүйесі "Астана" халықаралық қаржы орталығы арқылы құрылымдалған.

– Ұлттық банк Қазақстан юрисдикциясындағы реттеуші орган ретінде бұл мәселені қосымша тексереміз. AFSA – АХҚО-ның қаржылық реттеушісімен сөйлесеміз. Алдымен барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіздерді қарап, бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін түсінуіміз керек. Олар бұл жүйені енгізген кезде біз АХҚО-ның реттеушілерімен сөйлестік, олар бәрі өз ережелеріне сай деген еді. Қазір бұл жағдайды қайтадан тексеру қажет болып тұр, – деді Сүлейменов Үкімет кулуарында.