Желіде қарағандылық спортшының қазақ тілі мен мәдениеті туралы айтқан пікірі тарады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Спортшының пікірі жазылған скринді блогер Құрманғазы Нияз әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Онда спортшы қазақ тілі мен мәдениеті орыс ұлтының өкілдеріне қызық емес екенін айтқан.

”Тағы да қайталап айтамын. Қазақстанда тіл орыс және қазақ болып бөлінеді. Көп орыстарға қазақ тілі мен мәдениеті қызық емес. Өз тілдеріңде сөйлей беріңдер. Пайдасы жоқ тіл”, — деп жазды ол.

Блогер Құрманғазы Нияз Кнор Кира есімді бұл спортшының пікірін “сатқындыққа” балады.

“Қарағандылық жеңіл атлетші Кнор Кира біздің тілімізбен, мәдениетімізді төмен дәрежеге түсірді. Бұл бей-жай қарайтын жағдай емес! Өз спортшыларымыз осылай жазып жатса не болды онда Бауыржан Момышұлы атамыз айтады: қазақ жерінде тұрып, қазақ ұлтын сүймеген, мақтаныш етпеген, бұл сатқындық!”, — деп жазды ол.

Дегенмен, қарағандылық спортшы бұл сөзіне өкінетінін айтып, кешірім сұрап та үлгерді.

“Достар, мен шын жүректен кешірім сұрағым келеді. Жақында мен көпшіліктің көңіліне тиген бір пікір жаздым. Бұл ойланбай және дұрыс емес жасалған іс болды. Менің сөздерім қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты қорлау ретінде қабылдануы мүмкін екенін түсінемін.

Мен Қазақстанда туып-өстім және осында өмір сүрудемін. Бұл — менің елім, және мен бұнымен мақтанамын. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл, ол біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және болмысымыздың бір бөлігі. Мен ондай пікір айтуға ешқандай құқығым болмады. Бұл — менің жетілмегендігімнің белгісі болды, және мен бұған қатты ұяламын.

Менің қателігімді көрсеткен барлық адамдарға алғыс айтамын. Мен сабақ алдым және болашақта сөзімде абай әрі парасатты болуға тырысамын.

Тағы да менің пікірімнен көңілі қалған барлық адамдардан кешірім сұраймын. Мен үйреніп жатырмын және жақсырақ болуға тырысамын”, — деп жазды ол.