Министрлік жекеменшік ЖОО-лардың шешіміне тікелей ықпал ете алмаймыз деп отыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік университеттердегі оқу ақысына қатысты сауалға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бір мемлекеттік, бір жекеменшік университетте осындай жағдай болды. Осыдан екі жыл бұрын айтқанымыздай, мемлекеттік университеттердегі оқу ақысын бір деңгейде ұстап тұрмыз. КИМЭП университетінен ақпарат сұрастырдық, оқу ақысын 15%-ға арттырған. Бірақ, мұны ішкі шешім негізінде жасаған. Жекеменшік университеттің шешіміне тікелей ықпал ете алмаймыз. Ал мемлекеттік университеттерде бағаны бірқалыпты ұстап тұрмыз", – деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Оның сөзінше, құзырлы министрлік гранттардың құнын біртіндеп өсіріп жатыр.
Саясат Нұрбек биыл мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқу ақысы қымбаттамайтынын айтты.