Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдардың және шетелдік серіктестердің қолдауымен Израиль мен Ираннан Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін аяқтады.
25 маусымда Қазақстанның Израиль мен Мысырдағы елшіліктері 37 адамды, соның ішінде Қырғызстан мен Ресейдің 13 азаматын эвакуациялады. 26 маусымда бұл топ "SCAT" әуе компаниясының Каир-Шымкент бағыты бойынша рейсімен Қазақстанға аман-есен оралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі таңда Израильден эвакуацияланғандардың жалпы саны 103 адамды құрайды.
Өңірдегі ахуал күрделенген сәттен бастап Тегеран, Ашхабад, Баку мен Еревандағы ҚР елшіліктерінің қолдауымен Ираннан 233 Қазақстан азаматы сәтті эвакуацияланды. Олардың 135-і Түрікменстан арқылы, 25-і Әзербайжан арқылы, 73-і Армения арқылы шықты.
Бұдан бөлек, 23-25 маусым аралығында әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде болған көптеген қазақстандық азаматтар дер кезінде Отанға орала алмады. Аталған елдердегі ҚР мекемелері туындаған мәселелерді реттеу және отандастарымыздың тез арада оралуы үшін жан-жақты консулдық-құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсетті. 24-27 маусым аралығында еліміздің Қатар мен БАӘ-дегі дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен Қазақстанға 1900-ден астам азамат оралды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран, Израиль, Түрікменстан, Мысыр, Әзербайжан, Армения, БАӘ және Қатар билігіне қазақстандықтардың қауіпсіз шығуын қамтамасыз етудегі жедел көмегі мен сындарлы ынтымақтастығы үшін шынайы алғыс білдіреді.
Қазақстан СІМ мен елшіліктері өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтарымызға қажетті консулдық қолдау көрсетуді жалғастыруда. Шет елдердегі қазақстандықтардың құқықтарын, қауіпсіздігін және амандығын қамтамасыз ету ҚР сыртқы саяси ведомствосының қызметіндегі айрықша басымдық болып қала береді.