Мемлекеттік шығыстарды қысқарту туралы заң жобасына АҚШ Конгресінің сенаты кеше дауыс берген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжатты 51 заң шығарушы қолдады, 49 адам қарсы дауыс берді. Қорытынды дауыс беру жақын күндерде өтеді. Конгрестің екі палатасын да бақылап отырған республикалықтар осыған дейін заң жобасы 4 шілдеден кешіктірілмей мақұлданады деп есептеп отырғандарын мәлімдеген болатын.
Трамп "бірегей, ауқымды, әдемі заң жобасы" деп атаған құжат бірқатар салада салық пен мемлекеттік шығыстарды айтарлықтай қысқартуды қарастырады. Бұл ретте ол қорғаныс саласына, нақтырақ айтқанда Golden Dome (Алтын күмбез) зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне бөлінетін қаржы көлемін арттыруды көздеп отыр.
Құжатқа шекаралық бақылауды қатайтуды қарастыратын шаралар кірген, осы салаға да шығындарды арттыру қарастырылған.
Осыған дейін Америка үкіметінің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі ведомствоның үйлестірушісі болған америкалық кәсіпкер Илон Маск заң жобасын бірнеше рет сынаған болатын. Бұл ретте кәсіпкер құжаттағы мелекет қарызының ең жоғары деңгейін 5 трлн долларға жеткізу туралы талапты сынаған. Қазір АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 36 трлн доллардан асады.
Маусым айының басында АҚШ Конгресінің бюджет басқармасы бағалау қорытындысын жариялады. Онда заң жобасында қамтылған шараларды жүзеге асыру алдағы онжылдықта АҚШ-тың бюджет дефицитін 2,4 трлн долларға арттыруы мүмкін екені көрсетілген.