2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлытау облысы бойынша Экология департаменті аймақтағы өндірістік мекемелердің экологиялық талаптарды сақтауына қатаң бақылау жүргізді. Мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижесінде бірнеше кәсіпорынға әкімшілік шаралар қолданылып, жалпы сомасы 395 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы өңірде өткен брифинг барысында департамент басшысының орынбасары міндетін атқарушы Шабдан Тынымбаев мәлімдеді. Спикер өз мәліметінде, өңірдегі экологиялық ахуал, өндірістік мекемелерге жүргізілген тексерістер және «Таза Қазақстан» акциясының нәтижелері туралы егжей-тегжей баяндады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Табиғатты қорғау шараларын тиімді ұйымдастыру, қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту – экология саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Экология департаментінің басты мақсаты – өңірдегі ірі табиғат пайдаланушылардың өндірістік қызметінен туындайтын экологиялық қауіптерді болдырмау, оларды заң аясында реттеу, сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу болып табылады. Бұл тұрғыда департамент қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылау және экологиялық заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді,-деді спикер.

Шабдан Тынымбаевтың мәліметінше, өңірде қоршаған ортаға әсер ететін ірі және орта кәсіпорындарға эмиссияға рұқсат беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл рұқсаттар табиғат пайдаланушылардың өндірістік қызметін заң аясында жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, рұқсат беру барысында кәсіпорындарға қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты талаптар қойылды. Бұдан өзге департамент тарапынан бірінші және екінші санаттағы кәсіпорындарға қатысты жоспарлы және жоспардан тыс экологиялық тексерістер жүргізілді. Бұл тексерістер барысында экологиялық нормалардың бұзылуы, рұқсатсыз эмиссиялар және қалдықтарды дұрыс басқармау сияқты мәселелер анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қолданылды.

Жергілікті деңгейде табиғатты қорғау бағдарламалары шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл шаралар атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға, өндірістік қалдықтардың көлемін азайтуға және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталды.

Есептік кезең ішінде Экологиялық кодексінің талаптарын бұзу деректерінің алдын алу мен жолын кесуге ерекше назар аударылды. Табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Шабдан Тынымбаевтың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау саласында жоспарлы және жоспардан тыс бақылау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар өңірдегі табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамаларын сақтауын қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғатты қорғау саласында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.

Облыс көлемінде жыл басында бекітілген профилактикалық бақылау тізіміне 14 табиғат пайдаланушы субъектісі енгізілген. Бұл тізім экологиялық қауіп дәрежесіне, өндірістік жүктемесіне және өткен жылдардағы тексеріс нәтижелеріне байланысты қалыптастырылды. Осы субъектілердің ішінде бүгінгі күнге дейін 9 мекеме бойынша профилактикалық бақылау шаралары толығымен аяқталып, олардың өндірістік қызметінде орын алуы мүмкін экологиялық тәуекелдерге қатысты кешенді сараптамалар жүргізілді.

2025 жылдың есепті кезеңінде облыс бойынша 3 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл тексерулер уәкілетті органдарға келіп түскен нақты шағымдар мен экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылуы туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылды. Аталған тексерулерге сәйкес экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталып, нәтижесінде жалпы сомасы 395 812 447 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның ішінде 35 456 882 теңге мемлекет кірісіне өндіріліп алынды,-деді Шабдан Тынымбаев.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелердің бірі – рұқсатсыз орналастырылған қоқыс үйінділері, яғни стихиялық қалдықтар полигондары. Бұл – бүгінгі күні облыстың санитарлық-экологиялық жағдайына айтарлықтай зиян келтіріп отырған түйткілді мәселелердің бірі болып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта бірден-бір мәселенің бірі мынау рұқсатсыз тасталған қоқыстар жайында болып отыр. Ғарыштық мониторинг (космомониторинг) мәліметтері бойынша облыста 133 заңсыз тасталған қоқыс орындары анықталған. Бүгінгі таңда оның 15-і жойылды. Қалған заңсыз қоқыс орындарын тазарту мәселесі — департаменттің қатаң бақылауында. Қазіргі уақытта ергілікті атқару органдарымен, оның ішінде Жезқазған қаласы тұрғын үй қоммуналдық шаруашылығымен қоқыстарды тазарту жұмыстары жүріп жатыр,-деді спикер.

Қоқыс мәселесіне қатысты Жезқазған қаласының әкімшілігіне қарасты лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы сомасы 96 600 теңге айыппұл салынып, ол толық мемлекет кірісіне өндіріліп алыныпты.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысы аумағында штаттан тыс экологиялық жағдайлар тіркелген жоқ. Есептік кезең ішінде атмосфералық ауа мен су нысандарының жоғары немесе экстремалды ластану деңгейі анықталған жоқ. Бұл көрсеткіш өңірдегі табиғат пайдаланушылардың экологиялық жауапкершілігінің артқанын және жүйелі бақылау шараларының тиімділігін көрсетеді,-деді департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.

Облыс аумағында атмосфералық ауа сапасына тұрақты бақылау «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы жүзеге асырылуда. Бұл мекеме өңірде автоматтандырылған станциялар арқылы нақты әрі үзіліссіз бақылау жүргізеді. Сәтбаев қаласында – 2 автоматты бақылау станциясы жұмыс істейді. Ал Жезқазған қаласында – 3 автоматты станция орнатылған. Бұл станциялар атмосфералық ауа құрамындағы зиянды заттардың деңгейі мен басқа да көрсеткіштерді күн сайын өлшеп, тіркеп отырады. Егер станциялар арқылы белгіленген шекті мөлшерден асқан ластану деңгейі тіркелетін болса, Экология департаменті тарапынан жедел әрекет ету шаралары қабылданып, тиісті мекемелермен жұмыс жүргізіледі. Бұл жүйе — ластану деректеріне уақтылы әсер етуге және қоршаған ортаға кері әсерді жоюға бағытталған тиімді механизм.

2021 жылдан бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі шеңберінде ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаға шығарындыларды нақты әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу міндеті жүктелген. Ұлытау облысында атмосфералық ауаға елеулі әсер ететін алты ірі кәсіпорынға мұндай жүйені орнату міндеттелген. Осы кәсіпорындар бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігімен арнайы Жол картасы бекітіліп, онда мониторинг жүйесін орнату мерзімдері, орнатуға жауапты тұлғалар, құралдардың техникалық сипаттамалары, қолдану тәртібі және техникалық қызмет көрсету ережелері нақты көрсетілген. Бүгінгі таңда алты кәсіпорынның бесеуі автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатқан. Бұл кәсіпорындарда енгізілген жүйелер арқылы өндірістік шығарындылардың нақты көлемі, заттың түрі және уақыттық өзгерісі нақты тіркеліп, деректер орталықтандырылған мемлекеттік экологиялық бақылау жүйесіне тікелей түседі.

Қазіргі уақытта Ұлытау облысының ірі табиғат пайдаланушылары үшін қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі ақпараттық жүйесіне деректерді уақтылы және жүйелі түрде беру жұмыстары жолға қойылған. Аталған кәсіпорындарға қатысты деректер ұсыну кестесі бекітіліп, жоспарға сәйкес нақты ақпараттар жүйеге тұрақты тіркеліп отырады. Кәсіпорындарда орнатылған автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің көрсеткіштері Экология департаментімен күнделікті негізде қадағаланады. Егер ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы асып кеткені тіркелсе, департамент тарапынан жедел түрде тиісті әрекет ету шаралары қолданылады. Бұл – ластану жағдайларын дер кезінде анықтап, қоршаған ортаға келер зиянның алдын алуға бағытталған маңызды тетік.

Баспасөз мәслихаты кезінде спикер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да тоқталып өтті. Оның мәліметінше, биыл 29 наурыздан бастап облыс аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл халық арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Тазалық іс-шарасы аясында 27 мыңнан астам адам сенбіліктерге қатысып, өңірдің елдімекендерінде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілген. 2 017 тонна тұрмыстық және өндірістік қалдық шығарылып, 6 400 түп ағаш көшеті отырғызылған. Сонымен қатар, Экологтар күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай 31 мамыр күні аумақтарды абаттандыру және тазарту бойынша қосымша экологиялық акция өткен.

Сөз соңында баяндамашы атқарылған жұмыстар экологиялық ахуалды жақсартуға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға және табиғат пайдаланушылардың заңға сай әрекет етуін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.