Елдің оңтүстік аймақтарында биылғы көктемнің жауын-шашынсыз болғаны егін алқаптарына едәуір әсер етті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір қуаңшылықтан Түркістан облысындағы 300-ден астам шаруашылықтың күзде еккен бидайы ораққа ілікпей тұр. Салаға жауаптылар болса, шығанға ұшыраған шаруаларды қолдау үшін жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді .
2 мың гектар алқапқа дән сепкен Пернехан Байысов биылғы өнімнен үлкен үміт күткен еді. Алайда жауын-шашынның аздығынан егіннің тамырына қажетті ылғал жетіспей, масағы толық өсіп үлгермеді. Айтуынша, енді одан түскен пайда техникаға кеткен жанармай мен қызмет шығынын әзер жабады.
Пернехан Байысов, шаруа:
- Кешелі бері орып жатырмыз. Жартысына барып қалдық, әлі бір камазымызды толтыра алмай жатырмыз. Бидайдың сапасының төмендігі соншалық дән аш. 840 гектар жер оруға жарамсыз.
Бидайдың биылғы күтіміне қуаңшылық пен аптап ыстық та кері әсер етті. Салдарынан өңірдегі 300-ден астам шаруа шарасыз күйде отыр. Астықтың көлемінен күдер үзгендер егінге орақ та салмады. Ал алқапқа тартылған техникалар жұмыр жерді тырмалап, жиі істен істен шығып жатыр.
Бақыт Орашбеков, комбайн жүргізушісі:
- Сабан жоқ болғаннан кейін бұзыла береді. Топырақ жұтады, техника сына береді. Денесінің бәрі бос айналып тұрады. Топырақ жұтқаннан кейін, міне, матор кетті. Мардымсыз болайын деп тұр. Не табатынымызды білмейміз енді.
Салаға жауаптылар шаруалардың жанайқайымен жақсы таныс. Осыған байланысты өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды. Алқаптарға жүргізілген тексеру нәтижесінде жалпы 49 мың гектардай жер егін орағына жарамсыз деп танылған. Министрлікпен бірге шығынға ұшыраған шаруаларды қолдау мақсатында арнайы ұсыныстар енгізілді.
Ақтөре Түймебек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Несилердің қайтару мерзімін шегеру және «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 5%-пен техниканы лизингке алған. Аталған шаруалар тізімі нақтыланып, қазіргі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.
Оңтүстік шаруалары 200 мың гектардан астам жерге күздік бидай сепкен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3 мың гектарға көп. Алайда мамандардың айтуынша, қуаңшылық пен аптап ыстықтан өнім көлемі гектарына бұрынғы орташа 20 центнерден 11,5 центнерге дейін түсіп кеткені байқалады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов