Балқаш қаласында жаңа қоқыс полигонының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Себебі қазір қолданыстағы полигон әуежайға өте жақын орналасқан. Ұшақтардың ұшып-қонуына кедергі келтіретіндіктен, ол жабылады. Ал жаңа нысан қаланың бас жоспарына сәйкес әуежайдан 15 шақырым қашықтықта орналасады.

Жаңа қоқыс полигонын салу жобасы Балқаш әуежайын қайта құрылымдау жұмыстары басталған соң қолға алынды. Жаңғыртудан соң әуе айлағы бір мезетте жеті ұшақты қабылдайды. Ол үшін санитарлық және авиациялық талаптарды сақтау маңызды. Ал жақын орналасқан қоқыс алаңына құстар көп жиналады. Сондықтан әуежай маңындағы ескі полигон жабылады. Жаңа нысан шамамен 15 шақырым қашықта салынады.

Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:

- Мердігер өз есебінен қоқыс полигонын ашам деп жоба жасай бастады. Ол жобаны толықтай бітірді. Экологиядан және де басқа жерлерден рұқсат қағаздары алынды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Жылдам бітіріп, жаңа полигонды ашу бойынша мердігермен күнделікті жұмыс жасап отырмыз. Ол ашылғаннан кейін ескі полигонды ұстап отырған мердігерлермен ақылдасып, рекультивация жұмыстарды жүргіземіз.

Жаңа полигонды 40 жылға дейін пайдалануға болады. Нысанда үш қабатты гидроизоляция қарастырылған. Тереңдігі 4 метр. Полигонның құрылысы наурыз айында басталды. Бірінші кезеңі 30 маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір жоба 80% дайын.

Бақтияр Айнабеков, жоба жетекшісі:

- Бұл полигонның ерекшілігі біз жылына 13 мың тонна қоқыс қабылдай аламыз. Сондай-ақ бүгінгі таңда біз «Жасыл даму» бағдарламасымен қоқыстың қайта өңделуіне қатысып отырмыз. Одан әрі қарай ток алуын ойластырып отырмыз.

Болашақта Балқаш қаласында қоқыс өңдеу зауыты да салынуы мүмкін. Қазір инвестор оған бизнес-жоспар әзірлеп жатыр. Ол үшін кәсіпкер жеңілдетілген несие алуды көздеп отыр. Жалпы Қарағанды облысында биыл қоқыс төгетін алты полигон салынбақ.

Бақтияр Санбаев, Табиғи ресурстар және ТПР басқармасының басшысы:

- Өңдеу, сұрыптау жұмыстарын жүргізу. Бұның бәрі Экологиялық кодекстің заңнамасын орындау мақсатында. Осы полигондарды салсақ, болашақта Бұқар жырау ауданында, Қарқаралы, Нұра, Шет аудандарында қоқыстар қалпына келеді деп сенемін.

Жалпы өңірде 168 қоқыс полигоны жұмыс істеп тұр. Оның 51-і ғана тиісті экологиялық талапқа сай.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит