Алматыда мопед ұрлығы бойынша күдікті қашу барысында полиция қызметкерін бірнеше метрге дейін жол бойымен сүйреп әкетіп, ақыры ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға қаладағы Төле би даңғылының бойында күндізгі уақытта болған. Полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз біреу тұрғын үй ауласында тұрған мопедті айдап кеткені туралы ақпарат жедел басқару орталығына түскен.
Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы іздестіру жұмыстарын бастап кеткен. Көп ұзамай Алмалы аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі күдікті азаматты байқап, дереу соңына түсті. Алайда күдікті тоқтауға көнбей, қашуға әрекеттенген.
Оны қуып жетіп, ұстауға тырысқан сәтте полицей мопедке жармасып үлгергенімен, күдікті жүрісін тоқтатпаған. Нәтижесінде полиция қызметкері бірнеше метр бойы асфальтпен сүйретілді. Қауіпті жағдайға қарамастан, аға лейтенант Елдар Тоқташев кәсіби біліктілік пен қайсарлық танытып, күдіктіні оқиға орнында қолға түсірді. Медициналық тексерістен кейін оның жеңіл жарақат алғаны белгілі болды.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ұсталған азамат бұған дейін де бірнеше мопед ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу барысында оның тағы кемінде төрт қылмыстық іске қатыстылығы анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция тұрғындарды мүлкін қауіпсіз жерде қалдыруға және көлік құралдарын міндетті түрде бекітіп қоюға шақырады.