Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны Қарғалы аралындағы демалыс базасы маңында бағытынан жаңылған.

Ол аяғы ауыр құрбысына жедел жәрдем шақырып, бригаданы күтіп алуға шыққанда қатты уайымдап, қобалжығаннан жолдан адасқанын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Адасып кеткенін түсінген соң полицияға қоңырау шалған. Қоңырауды Қызылжар ауданы полиция бөлімінің кезекші қызметкері қабылдаған. Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жақын маңда жүрген экипаждары бірден бойжеткен болуы мүмкін деген бағытқа қарай бағдарланды.

Орман алқабы мен Пестрое көлі жағалауын тексеру барысында полицейлер Бейбіт Кереев пен Анатолий Божко көмек сұраған айқайды естиді. Киімі малмандай су, тоңған қыз аралда қалып қойған. Бейбіт Кереев суға түсіп, өткел тауып, қызды қауіпсіз жерге алып шықты.