Астанада күні кеше ғана бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогінің алғашқы жарыс күні өтті. World Boxing ұйымдастырып отырған бұл жарыс елімізде алғаш рет жалауын желбіретті. Додаға 30 мемлекеттен 300-ге жуық боксшы қатысып, оның біразы жарыс жолын аяқтады. Сонымен, отандастарымыз кеше қандай нәтиже көрсетті?
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында алдымен ашылу салтанаты рәсімі өтті. Рәсімде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сөз сөйледі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев спорт – елдерді біріктіретін алтын көпір деген. Бұндай ауқымды іс-шара бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға арналған басты бағдардың бірі. Барша спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін!», деді министр өз құттықтауында.
Жарысты біздің әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай бастап берді. 48 кг салмақта өнер көрсететін ол алғашқы жарыс жолында қарсыласы канадалық Приянка Диллонды айқын басымдықпен жеңді. Қарсыласын тықсырған Назымның жеңісіне төрешілер шек келтірген жоқ.
Одан 54 кг салмақта Әнел Сақыш та германиялық Татьяна Обермайерді оңдырмай 3 рет нокдаунға түсіру арқылы айқын басымдықпен жеңіп келесі кезеңге шықты. Оның ендігі қарсыласы азулы Азия чемпионы Феруза Казакова болмақ.
Содан соң 60 кг салмақта Виктория Графеева қуанышымызды еселей түсті. Ол өз кезегінде жапониялық қарсыласын жарыс жолынан шығарып жіберді. Келесі қарсыласы – Еуропа ойындарының қола жүлдегері, түрік боксшысы Өзер Гиззем.
Рингке бізден төртінші болып Наталья Богданова көтеріліп, ол да жарысты сәтті бастай алды. 70 кг-да сынға түскен Наталья үш раунд қорытындысы бойынша қарсыласы үнді боксшысы Санама Чануден үстем болды. Енді келесі кезеңде бразилиялық ару Мария Дос Сантоспен кездеседі. Ал ерлер арасында өкінішке орай Абылайхан Жүсіпов жарақат алып қалды. Негізі, кездесу қорытындысы бойынша екі раунд басым түскен. Алайда, жарақатын тексерген дәрігерлер 3 раундта жекпе-жекті тоқтатты.
Ал бүгін екінші жарыс күнінде Әнел Сақыш, Махмұд Сабырхан, Нұрбек, Айбек Оралбайлар өнер көрсетеді.
Нұрасыл Мұратбек,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті