Өңірдегі атышулы іс бір жыл бойы тергелген .
Өзінің туған балаларынан безген әйел 5 жылға, ал ортада делдал болған медбике 8 жылға сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотта барлығы 6 адамға жаңа туған нәрестелерді сатуға қатысты операцияларды жасады деген айып тағылды. Олар 2 сәбиді сыйға беру және қабылдау, осы әрекетке жәрдемдесу бойынша кінәлі деп танылды.
Жаңа туған екі нәрестенің биологиялық анасы, перзентхана медбикесі және екі баланы алушы ерлі-зайыптылар сотқа тартылды.
Айыпталушы әйел аралары бір жыл 2 нәрестені де балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптыларға сыйға берген. Екі жағдайда да Қарағандыдағы перзентхана медбикесі арада делдал болған.
"Сот шешімімен балалардың биологиялық анасы 5 жылға, медбике 8 жылға сотталды. Ал екі отбасылық жұп 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, көп балалы ана 2022 және 2023 жылдары туған сәбилерін таныс медбикенің көмегімен баласыз отбасыларға саудалаған.