Бейнежазбада әйел адам жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізіліп жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

Батыс Қазақстан облысында жауын кезінде жолға асфальт төселіп жатқаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамдық резонанс тудырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы 27 маусымда республикалық маңызы бар Атырау–Орал жолының 349-шақырымында шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілгенін растады. Ақаулы учаскелер кесіліп, битум төселгенімен, асфальтбетон қоспасын төсеу кезінде жаңбыр жауған.

Компанияның мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін мердігер ұйым жұмысты аяқтау туралы шешім қабылдаған. Алайда, технологиялық талаптар сақталмағандықтан, жаңбыр кезінде төселген асфальт қабылданбаған.

Келісімшартқа сәйкес, мердігер – "ҚАЖсервис" ЖШС БҚО филиалы кемшіліктерді өз есебінен түзетіп, жол жамылғысын қайта төсейді. Кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс тоқтатылғанымен, бүгін қайта жалғасуда.

"ҚазАвтоЖол" алдағы уақытта ауа райын ескеріп, жол жөндеу жұмыстарының технологиялық регламентке сай жүргізілуін қатаң бақылайтынын мәлімдеді.