Алматыда оқитын 18 жастағы студент мұндай ғажайыпқа бірінші рет кезігіп тұр.

Шымкенттің тумасы Адема Асқарованың шайханаға жұмысқа тұрғанына бір ай уақыт та болмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлеуметтік желіде 1 миллион теңге шайпұл алған даяшының видеосы кеңінен тарады. Ол білім алу және саяхаттау үшін екі жерде жұмыс істеген екен.

– Шайханаға жұмысқа кіргеніме бір айға да жетпеді. Негізі, Алматы қаласы бойынша тур компанияларда гид болып жұмыс істеймін. Шайханаға әдеттегідей бір топ кісі келді. Алты адам келіп, төртеуі бөлек үстелге, екеуі бөлек жайғасты. Мен не үшін бөлек отырғанын сұрадым. "Бөлек әңгімеміз бар еді" деді. "Жарайды" деп, өз жұмысымды жалғастырып, жай ғана шайхана ережесімен қызмет көрсеттім. Кейін шот сұрап, QR-мен төледі. Содан соң есімімді атап шақырып алды. Мейрамхана туралы пікір қалдырып, видео түсіріп жатқанын, менің де кадрға түсуімді сұрады. Мен қарсы болмадым, – деп ағынан жарылды ол.

Бір күнде миллионер атанған студенттің сөзінше, алғашқыда ол кісілер шайхана мен тағамдар туралы айтқан. Сосын ғана "Өміріңізде алған ең көп шайпұлыңыз қанша болды?" деп сұраған.

Адема "15 мың теңге" деп жауап қайтарған. "Онда мынау біздің сізге сыйлығымыз" деп, келген қонақтар қолына 1 миллион теңге шайпұл беріп қуантқан. Студент басында бұған сенбегенін, әзіл ретінде қабылдағанын жеткізді.

– Негізі жаздың басында "Work and travel" бағдарламасына ақша жинаймын" деп өзіме мақсат қойғанмын. 2-курс бітіргендіктен, осы бағдарламамен шетелге баруға 1-ақ жыл уақытым қалды. Сол себепті, осы жазда екі жұмыс болса да, 2 миллион теңге ақша жинағым келген. Мына жағдай тілегімді қабыл еткендей болды. Ерік-жігерім пайда болды. Өзіме инвестиция жасаймын, — деді Адема Асқарова.

Студент қыз мұндай жайтқа мүлдем сенбей келгенін ашық айтты. Әрі бірнеше ай бұрын 300 мың теңгелік ұялы телефонын ұрлатып, "садақа бердім" деп есептеген. "Сол 3 есе қайтты" деп қуанышын бөлісті ол.