Биыл Түркістан облысының кәмелетке толмаған тұрғыны Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының нөміріне үшінші тұлғаның атынан террористік акт жөнінде жалған хабар берген.
Құқық қорғау органдары тарапынан құқықбұзушының жеке басы дереу анықталып, нәтижесінде сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасына тартылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады. Оның жазасы ретінде 5000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға не 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Қылмыстық жауаптылықпен қатар, мұндай әрекеттер материалдық жауапкершілікке де әкеп соғады. Сот шешімімен құқықбұзушылар жалған хабарламаларға әрекет ету барысында мемлекет тарапынан жұмсалған материалдық шығындарды (арнайы қызметтердің жұмысы, полиция, саперлер, кинологтар, жедел жәрдем, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің шығындары, эвакуациялық іс-шаралар, мекемелердің қызметін уақытша тоқтату және т.б.) толық көлемде өтеуге міндеттеледі.
14 жасқа толмаған тұлғалар тарапынан жалған хабар таратылған жағдайда келтірілген материалдық залал үшін олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапты болады.
Соңғы екі жыл ішінде Астана қаласында жалған терроризм фактісі бойынша 40-тан астам іс тіркелген.