Жақында тиісті заң жарияланды .

Данияда 18 жасқа толған әйелдер де ерлермен тең дәрежеде әскери есепке тұруға міндеттеліп, әскерге шақырылатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The Moscow Times басылымына сілтеме жасап.

Бұған дейін Даниядағы әйелдер әскери борышын ерікті түрде өтейтін. Көктемде елдің қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен міндетті әскерге шақыру 2027 жылдан басталатынын айтты. Бірақ кейін бұл реформаны тездету туралы шешім қабылданды.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, әскери қызмет мерзімі 4 айдан 11 айға дейін ұзарды.

Полковник Кеннет Штром тиісті өзгерістер НАТО-ның қорғаныс саясатының күшеюіне байланысты қабылданды деп отыр.

"Бұл шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданды. Ол армия, флот, әуе күштері немесе арнайы операциялар күштері үшін қажетті әскери дайындық пен дағдыларды алу мақсатында жасалып отыр", – деді ол.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, кәмелеттік жасқа жеткен барлық Дания азаматтары әскери есепке тұрып, міндетті тексеруден өтуі керек.

2033 жылға дейін жыл сайын 6,5 мың адамды әскери қызметке тарту жоспарланып отыр. Өткен жылы елдің армиясында 4,7 мың адам қызмет етті, олардың 24%-ы әйелдер болған. Бұл елде шамамен 6 миллион адам тұрады.

Басылымның хабарлауынша, Дания – Солтүстік Еуропа бойынша әйелдерге міндетті әскери қызмет енгізген соңғы ел. Бұл талап 2015 жылы Норвегияда, ал 2017 жылдан бастап Швецияда енгізілді.