Алматыда Virus атты экочеллендж жүріп жатыр , деп хабарлайды 24kz.

Идея авторы – жас блогер Дулат Нәбиев. Ол 23 күн бойы қала көшелерін қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді үлес қосып келеді. Бұл бастамаға, әсіресе, жастар қызығушылық танытып, еріктілер қатары күн сайын артуда. Бұған дейін қатысушылар Сайран көлінің маңын қоқыстан тазартып, енді базар айналасындағы аумақты ретке келтіріп жатыр.

«Сайран» көлінің жағалауын Үндістанмен салыстырған Дулат Нәбиевтің дәл осы видеосы әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Осылайша Virus экочелленджі белсенді жастар арасында қолдау тапты. Алдымен табиғат жанашырлары «Сайран» көлін қоқыс қалдықтарынан арылтты. «Дәл соны тастайтын өзіміздің тұрғындар. Басқа жақтан ешкім келмейді. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру керек», - дейді Дулаттың өзі. Қазір ол бастаған экобелсенділер 5 күннен бері базарлардың бірінің алдындағы арықты тазалап жатыр.

Дулат Набиев, Virus экочелленджінің авторы:

- Халқымыздың таза өмір сүруі, халқымыздың игілігі үшін. Жапонияға жетпесек те, сондай мәдениетті қалыптастыру ғой. Қаламыздың қоқыстан азаюы, адамдар сондай мәдениетті, ішкі жауапкершілікті алып, адамдардың, жастардың, үлкен кісілердің жұмысын бағалап, өзінің қоршаған ортасын ластамаса деген мақсат қой.

Мақсаты – айқын жігіттердің игі ісі 10 маусымда басталған. Олар 90 күн бойы қаланы қоқыстан тазартпақ. Дулат Нәбиев бастаған топ таңғы алтыдан бастап, тоғызға дейін еңбек етеді. Яғни, таңертеңгі уақытта 2-3 сағаттан тазалық шараларына атсалысады. Одан кейін өздерінің жұмыстарына барады. Экочелленджді қолдаған жанның бірі Нұрдәулет Болатов. 10 күнннен бері қалмай келіп жүр.

Нұрдәулет Болатов, қала тұрғыны:

- Негізі қалдықтар күнделікті қолданылатын жаңағы баклажка, целлофан сосын тамақ өнімдері ғой негізінен. Көбінесе сол жазғы мезгіл болғаннан кейін сусындардың ыдыстары неше түрлі баклажка, негізінен сондай нәрселер. Көбінесе базардың қасында жүргенде мына жақта қалдықтар шығып жатыр, қызанақтың, алманың шіріген түрлерін тастайды екен халық.

Жобаны қолдаушылары күн сайын артып келеді. Қазір жалпы саны 40-қа жуықтап қалды. Челлендж Virus деп тегін аталған жоқ. Халық ішінде экобастама тез таралсын деген мақсатпен осылай аталды. Дулат Нәбиев бастаған экобелсенділер тағы 67 күн бойы Алматыны қоқыстан тазартады. Кейін бұл жобаны басқа өңірлерде іске асыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев