Бұл қаражат есебінен өңірдің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған.
СҚО-да су құбыры инфрақұрылымын дамытуға елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруды жалғастыруда.
Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысының ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бұл қаражат есебінен өңірдің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдарда Көкшетау топтық су құбырына қосылатын жаңа су құбырлары мен су тарту тармақтарын салу жобалары бар.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарда барлық жұмыс аяқталғаннан кейін халық сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Осы құбырлар арқылы 175 мыңнан астам тұрғыны бар 229 ауыл ауыз сумен қамтылып отыр. Петропавл қаласының тұрғындары 100%, ал ауылдардағы халық 97,5% сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген.