Сегіз боксшымыз жеңіске жетті. Виктория мен Сағындық камбэк жасады. Астанада Әлем кубогы жалғасып жатыр.

Айта кету керек, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдап жатыр. Оған 30 елден 300-ге жуық қатысушы жиналды және жарыстың үшінші күні біз үшін өте сәтті өтті. Әсіресе 60 келіде Виктория Графеева түркиялық Гизем Озер кездесіп, алғашқы раундта қарсыласы алға шықты. Ал кейінгі раундтарда Виктория қарқынын күшейтіп, жеңісті жұлып алды. Соның арқасында жартылай финалға жолдама алды. Дәл осындай жағдай ерлер арасында 90 келідегі Сағындық Тоғамбай мен америкалық Малачи Джоржес арасындағы кездесуде де болды. Сәйкесінше Сағындық та жанкүйерлерге керемет эмоция сыйлап, жартылай финалға шықты. Бұған қоса әйелдер арасында Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, ал ерлер арасында Санжар Тәшкенбай, Ертуған Зейнуллинов, Бекзат Нұрдәулетов қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ұлттық құрама өкілдері арасынан тек 80 келідегі Гүлсая Ержан ғана үндістандық Пужа Раниге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Қысқаша айтқанда, кезекті күні шаршы алаңға шыққан 9 боксшымыздың 8-і жеңді, біреуі жеңілді. Астанадағы әлемдік аламан 6 шілдеге дейін жалғасады.

Бүгін кімдер шаршы алаңға шығады?

Бүгін жеті боксшымыз жұдырықтасады. Бірер сағаттан кейін Астанадағы Әспрлем кубогының кезекті жарыс күні басталады. Ерлер арасында ең тартысты жекпе-жек аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай мен италиялық Диего Лензи арасында болмақ. Айбек Азия чемпионы, ал Диего Париж олимпиадасының қатысушысы. Сәйкесінше көпшілік осы жекпе-жекті тағатсыздана күтіп олтыр. Бұған қоса Нұрбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов және Сабыржан Аққалықовтар та бүгін шаршы алаңға шығып, жартылай финал жолдамаларын сарапқа салады. Ал әйелдер арасында Наталья Богданова мен Айдана Забынбекова, сәйкесінше бразилиялық және америкалық боксшылармен қолғап түйістіреді. Кездесулер Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Кіру тегін. Шаршы алаңдағы айқастар екі сессия бойынша ұйымдастырылады. Яғни күндізгісі 14:00-де, ал, кешкісі 19:00-де басталады.

Г. Головкин World Boxing ұйымын басқаруы мүмкін

Головкин World Boxing ұйымының президенті атануы мүмкін. Бұл туралы танымал спорт журналисі Уалихан Қосанбай мәлімдеді. Оның айтуынша, қыркүйек айында Үндістанның Нью-Дели қаласында жаңадан құрылған World Boxing ұйымының кезектен тыс конгресі өтеді. Дәл осы жиында жаңа басшыны сайлау жоспарланып отыр. «Қазір бұл ұйымды Нидерланд өкілі Борис ван дер Ворст басқарады. Ол қызметін одан ары жалғастыра ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Барлығын сайлау нәтижесі шешеді. Мендегі ақпарат бойынша бұл сайлауға Геннадий Головкин де қатысады, яғни үміткірлер тізімінде бар», – деді Уалихан Қосанбай.

Айта кетейік, Геннадий Головкин қазір Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті әрі сол World Boxing ұйымындағы комиссияның төрағасы қызметін атқарып жүр.