2025 жылдың 2 шілдесінде Нью-Йорк федералды соты америкалық музыкалық магнат, продюсер әрі рэпер Шон Комбсты ( лақап аты Пи Дидди) жезөкшелікке тарту мақсатында адам тасымалдау бабымен кінәлі деп тапты. Алайда Дидди адам саудасы мен қылмыстық астыртын келісімге қатысты ауыр айыптардан ақталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Комбсқа тағылған бес айыптың ішінде екі жезөкшелікке қатысты іс бойынша айыпты деп танылды. Әрқайсысы үшін ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ адам саудасы бойынша ақталып шыққандықтан өмір бойына түрмеге қамалмайтыны белгілі болды.
Шон Комбс кім?
55 жастағы Шон Комбс — әлемге Puff Daddy, P. Diddy және Diddy деген сахналық аттарымен танылған, заманауи музыканың ең ықпалды продюсерлерінің және рэп орындаушыларының бірі. Ол бірнеше онжылдық бойы шоу-бизнес сахнасынан түспей, хип-хоп индустриясының бағыт-бағдарын айқындап келді.
Комбстың продюсерлігімен жарық көрген, 1997 жылы қастандықпен өлтірілген әйгілі рэпер Notorious B.I.G.-тің екі альбомы тарихқа алтын әріптермен жазылды. Бұл жазбалар әлем бойынша 40 миллионнан астам данамен сатылып, Rolling Stone журналының «Барлық уақыттың 500 ұлы жазбасы» тізіміне енді.
Puff Daddy-дің 1997 жылы шыққан алғашқы жеке альбомы No Way Out оған екі бірдей «Грэмми» сыйлығын алып берді. Осыдан кейін де оның музыкалық жобалары табысты жалғасып, Мэрайя Кэри, Мэри Джей Блайдж, Дженнифер Лопес және Канье Уэст сияқты ғаламдық деңгейдегі жұлдыздардың альбомдарын продюсерлеуге жол ашты.
Комбстың есімі бүгінде тек музыкалық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар сән индустриясы мен кәсіпкерлік бастамаларымен де байланысты. Ол әлемдік шоу-бизнес тарихындағы ең ықпалды әрі дәулетті тұлғалардың біріне айналды.
Пи Диддиге қандай айып тағылды?
55 жастағы Diddy-ге бірнеше бап бойынша айып тағылды, олардың ішіндегі ең ауыры — рэкет. Бұл бап бойынша АҚШ заңнамасы қылмыстық топ құруды (немесе «қылмыстық кәсіпорын құруды») көздейді және тіпті өлім жазасына дейін жаза қарастырылған. Айта кетейік, «рэкет» түсінігі алғашында мафия мен ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін енгізілген заң термині саналады.
Прокуратураның айтуынша, Комбстың адал қызметкерлері оған есірткі жеткізуге көмектескен, ал сол есірткілерді Дидди өз құрбандарын мас күйге түсіру үшін пайдаланған. Сондай-ақ олар рэпердің атышулы кештерінде болған жайттарды жасыруға да атсалысқан.
Комбсқа тағылған тағы бір ауыр айып — адамдарды сексуалдық мақсатта зорлықпен тасымалдау (сексуалдық эксплуатация). Бұл бап бойынша оған 15 жылдан бастап түрме жазасы қауіп төндірді. Ал адамдарды жезөкшелікке тарту мақсатында тасымалдау ісі үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Айыптаудың негізі — көптеген куәгерлердің сотта айтқан сөздері. Олар Дидди ұйымдастырған «есі шыққан кештерге» қалай жеткізілгенін және сол жерде мол мөлшерде ішімдік пен есірткіден кейін сексуалдық әрекеттерге мәжбүр болғандарын бүкпесіз баяндады.
Сот кімдердің сөзін тыңдады
Сот барысында барлығы 34 куәгерден жауап алынды. Олардың арасында визажистер, стилисттер, қонақүй қызметкерлері, сондай-ақ эскортта жұмыс істеген ерлер мен әйелдер болды.
Істегі басты куәгер — әнші Кассандра Вентура (Кэсси), ол Комбспен 11 жыл бойы қарым-қатынаста болған. Қарым-қатынастары басталған кезде Кэсси небәрі 19 жаста еді, ал Дидди — 37-де. Кэссиді сотта бес күн қатарынан сұрақтың астына алды. Ол көз жасын тыя алмай, Комбстың өзін басқа адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп, сол сәттерді видеоға түсіргенін және кейін сол жазбалармен бопсалағанын айтты. Сондай-ақ Дидди бірнеше рет ұрып-соғып, зорлағанын да баяндады.
Қорғау тарабы бұған жауап ретінде Комбстың жай ғана «свингер өмір салтын» ұстанғанын алға тартты. Үй ішіндегі зорлық-зомбылық болғанын жоққа шығармай, бірақ мұны екі тараптан да шыққан агрессия деп түсіндірді.
Сотта рэпер Кид Кади де аталды. Ол Кэссимен Дидди екеуінің қарым-қатынасындағы үзіліс кезінде кездескен. Кейін біреу бақылау камерасын бұрып қойып, оның көлігін өртеп, итін ваннаға қамап кеткен. Кид Кади бұл оқиғаның Дидди тарапынан жасалған кек болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Істегі екінші негізгі куәгер — анонимді «Джейн» есімді әйел. Ол да шамамен Кэсси айтқан жағдайды баяндады. 2020-жылдары Комбспен кездескен ол бірнеше рет эскорттағы ерлермен рэпердің көз алдында жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болғанын және дәл сол атышулы кештерге қатысуға тиіс болғанын айтты. Джейннің сөзінше, Комбс оның Нью-Йорктегі пәтерінің жалдау ақысына ай сайын 10 мың доллар төлеп, сол арқылы да бопсалаған.
Қорғаушылар болса, Кэсси мен Джейннің өздері бұл кештерге баруға ниетті болғанын дәлелдейтін хабарламалары бар екенін алға тартты.
Джейн сондай-ақ кейде Комбстың бұйрығымен өзі есірткі тасымалдағанын немесе оның айналасындағы адамдарға дәл сондай тапсырмалар бергенін көргенін мойындады. Бұл айғақтар айыптау тарапы үшін рэпердің ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын дәлелдеуде маңызды болды.
Тағы бір анонимді куәгер — «Миа» лақап есімді әйел. Ол сегіз жыл бойы Комбстың жеке көмекшісі болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында Дидди оны бірнеше рет зорлап, еркінен тыс үйінде ұстап, есірткі қабылдауға мәжбүрлеген. Бірде ваннаның есігін қолына қақтырып жіберіп, басқа кезде оған түрлі заттар лақтырған және телефонын тартып алған.
Шон Комбс не деді?
Шон Комбс сотта өзі куәлік беруден бас тартты. Ол бұл шешімді адвокаттарымен алдын ала келісіп, саналы күйінде қабылдағанын мәлімдеді.
Рэпер тек судьяға:
Менде бәрі жақсы, құрметті сот. Сізге көптен бері алғыс айтқым келіп еді. Сіз тамаша жұмыс істеп жатырсыз, — деді.
BBC тілшілерінің хабарлауынша, судья Арун Субраманиан оған жымиып жауап қайырып, ризашылығын білдірген.
Сот отырыстарына Комбстың анасы Дженис пен бірнеше баласы үнемі қатысып отырды. Бір жолы Sky агенттігіне сот залынан шыға бере:
Уайымдама, бәрі жақсы болады, мама. Тек сабыр сақта, — деп айтқан.
Айыптау тарапы қорытынды сөздерінде және алқабилерге жасаған соңғы үндеуінде Комбстың тек есірткіге қатысты қылмыстарының өзі жүздеген эпизодты қамтитынын атап өтті. Прокурор Кристи Славик оны «шектен тыс қызғаншақ әрі қатыгез, «жоқ» деген сөзді естуге шыдамайтын адам» деп сипаттап, Комбстың билігі мен байлығын әйелдерді қорлау үшін пайдаланғанын айтты.
Ол барлық негізгі айыптар куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденді деп санайды. Ал қорғаушы Марк Агнифило сот процесін «жалған қойылым» деп атап, айыптаушылар Комбстың өмір салтын қылмысқа айналдыруға тырысып отыр деп қарсы уәж айтты.
Қазіргі уақытта прокурорлар Комбсқа ең қатаң жаза — 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрауға дайын. Ал қорғаушылар сот шешімі шыққанға дейін рэперді кепілмен босатуды талап етпек. Олардың айтуынша, үкім жалпы алғанда олар күткеннен да ауыр болған жоқ.