Фитнес-орталыққа жалған сыйлық сертификаттарды сатқаны үшін астаналық тұрғынның бас бостандығы шектелді.

Аталған қылмыстық әрекеттен 24 адам жапа шеккен, келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 3,5 млн теңгеден асқан.

Бұрын спорт клубтарында жаттықтырушы болып жұмыс істеген азамат заңды күші жоқ, өзі дайындаған жылдық абонемент түріндегі жалған сыйлық сертификаттарын сатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Ол бұл сертификаттарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан – 150 мың теңгеге ұсынып, оның түпнұсқа екеніне сендіріп, азаматтарды шатастырған. Шын мәнінде мұндай абонементтердің нарықтағы құны шамамен 700 мың теңгені құрайды.

Жәбірленушілер, фитнес-орталыққа келгенде сатып алған сертификаттарының жарамсыз екенін біліп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтеліп, ауырлататын мән-жайлар болмауына байланысты, сот үкімімен алаяққа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.