Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
27 мамыр мен 2 маусым аралығында өткен "Қазақстан балалары" онкүндігі аясында ұйымдастырылған "Министрге хат" акциясы аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевке еліміздің түкпір-түкпірінен 235 хат келіп түсті.
– Маусым айының басында бастаған "Министрге хат" акциясы өз нәтижесін берді. Барлық хатты асықпай, мұқият оқып шықтым. Әрбірінде шынайы тілектер, бала көңілінен шыққан таза ойлар бар. Мұғалім ретінде де, ата-ана ретінде де хаттар мені толқытты. Балалардың болашаққа деген сенімі мен үміті ерекше әсер қалдырды, – деді Ғани Бейсембаев.
Министр әсіресе бір хаттың жүрегіне ерекше жақын тигенін атап өтті.
– Тараз қаласындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артём Погореловтің хаты – менің ерекше назарымды аударған жазба. Артём – тағдырдың түрлі сынағына қарамастан, үмітін үзбеген, рухы мықты бала. Қазір ол патронаттық отбасында тәрбиеленуде, қазақ мектебінде оқиды. Мектеп жаңалықтарынан хабар жүргізіп, болашақта журналист болуды армандайды. Хатын "Ғани әке…" деп бастапты. Бұл сөздің өзі-ақ жүректі елжіретеді. Артемнің шынайы, мейірімге толы сөздері мені терең толғандырды. Хатын бірнеше мәрте қайта оқып шықтым.
Айналайын, Артём! Егер осы жазбамды оқысаң, сені Астанаға арнайы кездесуге шақырғым келеді. Сен армандаған әке мен бала арасындағы ашық әңгіме дәл сол кездесуде болатынына сенемін, – деді министр.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұл акция үлкендер мен балалар арасындағы сенім мен байланысқа жаңа серпін берген.
– Балалардың хаттарынан біз тек сұрақтарды емес, олардың жауабын іздеуге деген ұмтылысты да байқадық. Ең бастысы – олар бізге, яғни үлкендерге сенеді. Бұл сенім – жүректен шыққан сөздің кәусәр бұлағы. Қарапайым армандардан басталған бұл диалог мағыналы әңгімеге ұласты. Сондықтан бұл бастама жалғасын табуы керек.
Әр балаға шын жүректен алғыс айтамын. Хаттағы әрбір сөз – біз үшін бағдар. Қазіргі таңда хаттарда айтылған мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өтініштер жүйеленіп, пысықталуда. Кейбір мәселелер қоғамдық талқылауды талап етеді. Сондықтан алда пікір алмасулар да болады. Ешбір ой, ешбір ұсыныс елеусіз қалмайды, – деді Ғани Бейсембаев.