Алматыда жылдар бойы қаңырап бос тұрған тарихи ғимарат оңалту орталығы болып қайта құрылады .
Мұнда тірек-қимыл жүйесі бұзылған, дамуында түрлі ауытқуы бар балалар кешенді оңалту курсынан өтеді. Нысан Абай даңғылы мен Масаншы көшесінің қиылысында орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын инвесторлар табылып, нысанды жөндеу жұмысын бастап кеткен. Бірақ көп ұзамай тарихи сәулет ескерткіштерінің тізіміне еніп, құрылыс тоқтады. Содан бері бұл жер қараусыз қалып, үй-күйсіз жүргендердің мекеніне айналған. Қазір жобалы-сметалық құжаттама қайта әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құжат мақұлданса, құрылысы қараша айында басталады. Жоба бойынша ғимараттың бұрынғы тарихи сәулеттік келбеті сақталады.
Дәулет Еламанов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Жүзеге асуы осы жылдың 1-тоқсанында басталу керек болған, алайда жобаға керекті мына архитектуралық маңызы бар объект болғандықтан қосымша тағы ғылыми-жобалық тапсырмалар берілді. Соған байланысты жобаға керекті түзетулер бүгінгі күні енгізіліп жатыр. Жоба құнын осы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады.