Швейцарияның Ньон қаласында 2026 жылы футзалдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі плей-офф ойындарының жеребесі тартылды .
Қазақстан құрамасы Италия құрамасымен кездеседі. Қос ойыннан тұратын кездесу 2025 жылдың қыркүйектің 15–24 аралығында өтеді.
Плей-офф кезеңіне негізгі раунд топтарында екінші орын алған үздік сегіз команда қатысады. Бұл кездесулердің жеңімпаздары ЕУРО-2026 турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алады.
2026 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 2026 жылдың 20 қаңтарынан 7 ақпанына дейін өтеді. Турнирді үш ел бірлесіп қабылдайды: Словения, Латвия және Литва.
Айта кету керек, УЕФА турнир форматын қайта қарап, Словения қабылдаушы елдердің қатарына қосылды. Себебі Латвия мен Литва Беларусь құрамасының қатысуымен өтетін матчтарды өз аумағында ұйымдастырудан бас тартқан.