Айбекке жылдамдықты арттыру қажет. Олимпиада ойындарының жүлдегері әрі Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков аса ауыр салмақта өнер көрсететін Айбек Оралбай туралы осындай пікір білдірді.

Бұл жөнінде «Бірінші бол» сайты хабарлайды. «Айбек – жеңілдеу салмақтан ауыр салмаққа ауысқан боксшы. Сондықтан қимыл-қозғалысы өзгерген. Қазір жылдамырақ қимылдауға үйретіп жатырмыз. Себебі қай спорт түрінде болмасын жылдам қимылдаған адам жеңіске жетеді. Яғни, кім соққысын бірінші дарытса, соның мүмкіндігі көбірек», — деді Ділдәбеков. Ол өзі осы ерекшеліктің арқасында талай жеңіске жеткенін алға тартты.

Айта кетейік, Айбек Оралбай қазір Астанадағы Әлем кубогына қатысып жатыр. Ол күні кеше италиялық Диего Лензиді жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.