Мұндай ақпаратты алғашқылардың бірі болып Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Дональд Трамптың онда америкалық компания басшыларымен бірге баратыны туралы айтылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Америкалық әкімшілік кейбір компания жетекшісімен байланысып, Ақ үй басшысының Қытай Халық Республикасына ықтимал сапарында бірге жүруге қаншалықты мүдделі екенін анықтауға тырысқан.
Қазан айында Оңтүстік Кореяда Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті өтсе, Малайзияда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының жоғары деңгейдегі кездесуі ұйымдастырылады. АҚШ президенті негізі осы екі іс-шараға да қатысуы керек.
Еске салайық, Трамп алғашқы сапарын Парсы шығанағындағы елдерге жасаған еді. Ол сапарға қаржы, технология және өндіріс салаларындағы жетекші компаниялардың басшысын ертіп жүрді.
Аталған жағдайға байланысты АҚШ әкімшілігінің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт пікір білдіріп, Қытайға сапар жоспарланбағанын айтқан. Әрі сауда министрлігі де бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартып отыр.