АҚШ Конгресі президент Дональд Трамптың бастамасымен әзірленген бюджеттік заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды 24KZ. Ақ үй құжатты «Америка үшін тарихи оқиға», – десе, демократтар оны «байларға тиімді, ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға зиянды», – деп сынап жатыр. Тіпті «мемлекеттік қарыз 3 триллион долларға артады», – деп наразылық білдіріп жатыр.
Big Beautiful Bill – ауқымды әрі әдемі бюджеттік заң жобасы қабылданды. АҚШ Конгресінде шенеуніктерді ұйықтатпай, күн-түн дауға айналдырған 940 беттік құжатқа Трамптың қойған аты осындай. Ауқымды екені рас. Мемлекеттік қарыз бен салыққа қатысты үлкен өзгерістер қарастырылған. Қорғанысқа да қомақты қаржы бөлінбек. Алайда қаншалықты әдемі болғалы тұр? Сенатты екіге бөліп, республикашыларды өз партиясына қарсы шығарған заң жобасы АҚШ президенті үстеліне қалай жетті?
Заң сенатта дауысқа салынғанда қолдаушылар мен оған қарсылар 50-де 50 болып теңге бөлінген еді. Мұндайда шешуші рөлді вице-президент атқаратындықтан, көпшілік күткендей, Джэй Ди Вэнс заң жобасын қолдап шықты. Осыдан кейін сенаторлардың түзетулерін АҚШ-тың өкілдер палатасы бір мәрте қарап қабылдады. Дегенмен сенаттың басым бөлігі саналатын республикашылардың өзі заңнамаға күдікпен қарап, қарсы дауыс бергенін атап өту керек. Оның себебін пікірталас кезінде демократ Джим Макгаверн былай түсіндіргендей болды.
Джим Макгаверн, АҚШ өкілдер палатасының мүшесі:
- Америкалықтардың ешқайсысы аш жүруге тиіс емес. Бұл ең алдымен адам құқығы мәселесі. Біз жер бетіндегі ең бай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бірде-бір бала аштықпен бетпе-бет келмеуі керек. Ал республикашылдар байларға қомақты салықтық жеңілдіктер жасап жатыр.
Дегенмен заң жобасы, аты айтқандай, сонша әдемі болмай тұр. Сыншылар тұрмысы нашар азаматтарға арналған медициналық көмектің қысқаратынына алаңдаулы. Алайда Трамп бұл көмектің күшінде қалатынын, тек үкіметті алдап жүргендерге ғана қолдау тоқтатылатынын атап өтті. Оған қоса америкалықтардың кірісін арттыру үшін салықтық жеңілдіктер көбейетінін тілге тиек етті. Заң жобасы аясында артық жұмыс сағатына төленетін ақшаға мүлдем салық салынбайтынын алға тартты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Американың тәуелсіздік күніне бұдан асқан тамаша сыйлық болмас. Бірнеше сағат бұрын Конгресс біздің «Американы қайта ұлы елге айналдыру» жолындағы ауқымды әрі әдемі заң жобамызды қабылдады. Бұл құжат – Америка тарихындағы салықты қысқартуға, шығындарымызды азайтуға және шекарамызды қауіпсіз етуге салынған ең үлкен инвестиция.
Бұл заң жобасы Трамптың бұрынғы серігі Илон Маскқа да ұнамады. Себебі электрокөлік секілді «жасыл» энергетика өнімдеріне берілетін жеңілдіктер қысқармақ. Трамп бұл арқылы бәсекенің тазалығына мән беріп, жанармаймен жүретін көліктермен электрокарларға да бірдей мүмкіндік бергісі келетінін білдірген сыңайлы. Алайда ашулы Маск Трамптың партиясына жасаған қаржылық қолдауын тоқтатып, бөлек саяси күш құруға ниеттеніп отыр. Ал әйгілі кәсіпкер өз партиясын аша ала ма, жоқ па – ол алдағы уақыттың еншісіндегі сұрақ болғалы тұр.
Авторы: Ердана Ержанұлы