Дубль жасаған 18 жасар Рамазан Бағдат ойынның басты қаһарманына айналды.
ҚПЛ-дың 15-туры аясында өткен матчта алматылық “Қайрат” Түркістанда жергілікті “Тұранды” ойсырата жеңіп, 4:0 есебімен басым түсті. Ойынның 30-минутында шабуылшы Рикардиньо есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Араға сегіз минут салып, жартылай қорғаушы Юг Станоев екінші голды соғып, алғашқы тайм қорытындысын 2:0 етіп түйіндеді.
Екінші таймда да басымдықты толық өз қолына алған “Қайрат” шабуылын үдете түсті. 75-минутта алматылық команданың жастар құрамасынан (U19) шақыртылған 18 жастағы шабуылшы Рамазан Бағдат көзге түсті. Ол Дастан Сәтпаевтың дәл пасынан кейін үшінші голды соқты. Ал арада сегіз минут өткенде Рамазан дубль авторы атанып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Бұл жеңіс “Қайратқа” 36 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде жеке-дара көш бастауға мүмкіндік берді. Дегенмен, басты қарсылас “Астананың” бір ойыны кем екенін ескерген жөн. Астаналықтар 6 шілде күні “Жетісуға” қарсы матч өткізеді.
Ал “Тұран” турнир кестесінде 11 ұпаймен 13-орында қалып, чемпионаттың аутсайдерлерінің қатарында тұр.