Елорда күніне орай қаладағы "Жетісу" саябағында QALA FEST фестивалі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Фестиваль аясында кітап алмасу ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесі өтті. Келушілер қазақ тілінде 500-ге жуық кітап әкелді. Олардың басым бөлігі – қазақ әдебиеті мен әлемдік классика туындылары.
"Жастар кітапты белсенді түрде оқиды. Бұл – олар үшін қызық. Кез келген кітабыңызды әкеліп, басқа кітаппен ауыстыруға болады", – деді "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының маманы Алуа Балтабаева.
Сонымен қатар "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық бастамасы аясында арнайы қабылдау автоматтары – фондаматтар арқылы пластик бөтелкелерді, алюминий банкаларды және басқа да бос ыдыстарды тапсыруға мүмкіндік болды. Оның орнына сыйлықтар, бонустар, купондар мен тауарлар және қызметтерге жеңілдіктер берілді.
"Қалада мұндай фондаматтар көп. Бұл – кәсіпкердің жеке бастамасы. Арнайы мобильді қосымша бар. Телефоныңызға жүктеп, нөміріңізді енгізесіз, содан кейін бонус аласыз. Оны жанармай құю бекеттерінде немесе басқа тауарлар мен қызметтерге жұмсауға болады", – деді экожаттықтырушы Марьям Қасымова.
Кейін бұл пластиктер сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарына жеткізіледі.