Астанадағы Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні орнатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты .
Арт-нысан "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында қала күнін мерекелеуге арналған "Мерекелік саябақ" отбасылық фестивалінде жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Фестивальдің басты алаңдарының бірі – үлкен мысық бейнесіндегі ерекше экологиялық арт-нысан орналастырылған арт-кеңістік болды.
Инсталляция биіктігі – 4 метр, ені – 2,5 метр. Жоба идеясы эколог Мариям Қасымова жетекшілік ететін елордалық суретшілер мен экобелсенділер тобына тиесілі.
"Бұл жай ғана көрме емес, бұл – кез келген адам өзгеріске үлес қоса алатын орнықты қаланың үлгісі. Көрме мен экобастама экология мен өнердің үйлесімді байланысын көрсетіп, тұрғындардың кеңістікті түрлендіруге деген ынтасын арттырды. Қонақтар шеберлік сабақтарына белсенді қатысып, қоқыс сұрыптауға қызығушылық танытты. Жалпы, қазақстандықтар экологияға бей-жай қарамайтынын көрсетті, – деді Мариям Қасымова.
Фестиваль аясында саябақ ашық аспан астындағы жазғы демалыс ордасына айналды. Балалар, жастар, ата-аналар мен зейнеткерлер – бәрі де өздеріне қызықты іс тауып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Ұйымдастырушылар келушілерге тың эмоция мен ерекше әсер сыйлады.
Кинематографияны ұнататындар үшін саябақта қазақ тіліндегі мультфильмдер мен фильмдер көрсетілетін ашық аспан астындағы жайлы кинотеатр жұмыс істеді.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған үлкен арт-аймақта кәсіби суретшілердің жетекшілігімен сурет салып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берілді. Ерекше жобалардың бірі – ортақ баннер: оған әр бала суретінің бір бөлігін қосып, нәтижесінде ұжымдық туынды дүниеге келді.
Кішкентай қонақтарға арналған театр қойылымдары да ұйымдастырылды. Артистер ертегілер мен балалар спектакльдерін сахналап, бүлдіршіндерге алғашқы театр әсерін сыйлады.
– Мысыққа қақпақ жапсыру өте ұнады! Ол түрлі-түсті, әдемі әрі көңілді болып шықты. Қайта өңделген материалдан осындай керемет мысық жасауға болатынын білмеппін. Бүгін отбасымызбен жақсы демалдық, түрлі шараларға қатысып, керемет эмоция алдық, – деді 9 жастағы астаналық Әлібек Қазбаев.
Фестиваль жас орындаушылардың концерті мен әсерлі фаер-шоумен аяқталды.