Елордада ерік пен ептілік сынға түскен ерекше спорттық дода да өтті.

Білегі мықты, жүрегі түкті жігіттердің жарысы — Толағай сайысы биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Онда аймақтардан келген алыптар күш сынасып, өзара мықтыны анықтады.

Тау тұлғалы толағайлар бас қалада бас қосты. Бұл қара күш иелерінің жарысы — «Толағай» алыптар сайысы. Астана күнінің құрметіне арнайы ұйымдастырылып отыр.

Азамат Ағзамов, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі толағай алыптар сайысы Астана күніне ұйымдастырылған. Ұлттық спортты дәріптеу мақсатында осы жарысымыз үшінші рет қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл Толағай алыптар сайысы былтыр Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, филолог-ғалым:

- Бүгінгі өтіп жатқан шараның маңыздылығы ол мына біздің жалпы ұлтымыздың, қазақ халқының рухтылығын паш ететін, кейінгі ұрпаққа тек ғана қара күштің емес, ақылдың, ойдың, парасаттың мықытылығын көрсететін, соны насихаттайтын, халықтың жүрегіне кәдімгі сенім ұялататын, алға қарай құлшындыратын, халқымыздың бойында жігір мен қайрат өшпегенін көрсететін бұл өте үлкен іс-шара деп есептеймін.

Биылғы бәйгеге елдің әр аймағынан іріктеліп келген 13 палуан қатысты. Әрқайсысы өз өңірінің мықтысы, нағыз бөрі кеуделі, арыстан жүректі азаматтар. Қатарында көшпенділер ойындарында көш бастаған күштілер де бар. Солардың бірі Азамат Мақұлбеков.

Азамат Мақұлбеков, қатысушы:

- Өткен жылы бесінші көшпенділер ойынында осы алыптар сайысында чемпион болдым. Биыл осы алыптар сайысы үшінші мәрте болып жатыр. Бұған өте керемет дайындалдық. Бұл енді бізде жаттығуда жанағы белге, аяққа көп жаттығу жасаймыз. Бұл енді шыдамдылықты талап ететін ойын. Қажымұқан атамыздан жалғасқан ойын ғой енді, сол енді ізбасарлармыз.

Алыптар бес кезең бойынша бақ сынады. Қайрат пен қажыр, төзім мен табандылықты қажет ететін бұл сында ауыр тастарды көтеріп, салмақты заттарды сүйреді. Серкені бойынан асыра көтерді.

Тимур Спатаев, «Толағай» алыптар сайысының авторы, ұйымдастырушы:

- Серкені 1 минуттың ішінде көтеру, 100 кг. Екінші арбаны уақытқа сүйреу. Үшінші 12 кг-дық найзаны көтеру. Төртінші 100 кг-дық тасты көтеріп жүру және 80, 12 кг-дық кружкаларды қойдық. Қажымұқан атамыздың жасаған трюктарын осы жерде жасап, халықтың алдында көзайым болып соларды шығарғымыз келеді.

Алыптардың айқасында алты бірдей төреші төрелік етті. Қалт еткенді жалт жібермей, топ ішінен үздікті анықтады. Сондай-ақ көрермендер де қызықтан құр қалмады. Сайыстен бөлек гір көтеру, қолкүрес спорт түрлерінен тұрғындар арасында жарыстар ұйымдастырылды.

Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов, Ернар Демесинов