Глубокое ауданында пара алған полицей мен оған ақша берген азаматтар сотталды.
Патрульдік полицияның инспекторы әріптесімен бірге Өскемен–Шемонаиха тасжолында кезекшілік кезінде Глубокое кентіне бұрылатын тұста "Газельді" басып озу үшін қарсы қозғалыс жолағына шыққан жеңіл көлікті байқап, жүргізушіні тоқтатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сот материалдарына сәйкес, инспектор К. жүргізушіні қызметтік көлікке шақырып, ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі бойынша (қарсы жолаққа шығу) әкімшілік хаттама толтырылатынын хабарлаған. Алайда жүргізуші жүргізуші куәлігінен айырылмау үшін хаттаманы толтырмауды сұрап, полицей 40 мың теңге пара талап еткен. Жүргізуші бұл соманы өзі аудара алмағандықтан, танысынан көмек сұрап, полиция қызметкерінің шотына ақша аудартқан.
Нәтижесінде үш адам – инспектор, жүргізуші және оның танысы сотталды. Сот үкімімен полицей пара алғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жүргізуші мен оның танысына 7 ай жаза кесілді.
Алайда апелляциялық шағымдан кейін облыстық сот екі азаматтың жаза түрін бас бостандығынан шектеуге өзгертті.