Оқыс оқиға Ганьсу провинциясына қарасты Тяньшуй қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған .
Ресми мәліметтерге сенсек, 74 баланың қанындағы қорғасын мөлшері қалыпты деңгейден айтарлықтай көп тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалардың ата-аналары наурыз-маусым айларында бүлдіршіндерінің бас айналу, іш ауыру, құсу, шаш түсу, тісі қарайып кету секілді белгілерге бірнеше рет шағымданған. Дегенімен, жергілікті денсаулық сақтау мекемелері алғашында "қан құрамындағы қорғасын деңгейі қалыпты" деген қорытынды шығарған.
Көптеген ата-ана бүлдіршінін Сиань қаласына апарып, тәуелсіз зертханаларда қайта тексерткен кезде улану белгілері айқын анықталған. Негізінен, 70 балада улану белгілері анықталып отыр, қан құрамындағы қорғасын 200-500 мкг/л деңгейінде байқалған. Ең жоғары көрсеткіш – 528 мкг/л.
The Paper ақпарат агенттігі балалардың улануының негізгі себебі азық-түліктен екенін жазады. Кей деректерде балабақшада қолданылған нан ашытқысының арзан әрі заңсыз өндірілген түрі (бағасы – шамамен 750 теңге) қолданылғаны жайлы айтылады.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, балабақша басшылығы мен азық-түлік жеткізушілерге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, балабақшаның асханасындағы азық-түлік үлгілері арнайы сараптамаға жіберілген.
Жергілікті билік пен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 200-ден астам сынама алып, талдауларды Ганьсу провинциясының жұқпалы аурулар орталығына жолдады.
Шынын айтқанда, Қытайда балалардың қорғасынмен улануы тұңғыш рет тіркеліп отырған жоқ. 2009 жылы Шэньси өлкесіндегі Фэнсян ауданында 800-ден астам бала жергілікті қорғасын зауытының ластауынан кейін уланып, үлкен резонанс тудырған еді. Сол жылы Хунань өлкесінің Угань қаласында тағы да мыңдаған бала қорғасын зауытынан зардап шегіп, жағдай ушыға түсті.
Аталған оқиғалардан кейін Қытай үкіметі өнеркәсіп нысандарына бақылауды күшейтуді уәде еткен-ді.