Америкалық Axios басылымының хабарлауынша, Тегеран ядролық бағдарламасын қайта жалғастыруға әрекеттенсе, Израиль Иранға қайта соққы беруге әзірленуде, деп жазады Egemen.kz.

Жақында Вашингтонда болған Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Рон Дермер Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктеріне АҚШ президенті Дональд Трамп «белгілі бір шарттармен» Иранға жаңа соққы беруді мақұлдауы мүмкін екенін айтты.

Израиль 13 маусымнан бері Иранға соққы беріп, ядролық нысандарды, жоғары лауазымды әскери шенеуніктерді және ядролық ғалымдарды нысанаға алып жатыр. Иран бұған жауап ретінде Израильге зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар ұшырған.

Енді Тегеран тарапы Израиль мен Американың бомбалауынан бүлінген Фордо, Натанз және Исфахандағы Иранның ядролық нысандарынан жоғары байытылған уранды шығару қарекетінде болуы ықтимал. Ал Израиль осыған жауап қатпақ.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың соққылары Иранның ядролық бағдарламасын толығымен жойды деп мәлімдеген еді. Айта кетейік, АҚШ 22 маусымға қараған түні Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық нысандарға зымырандар мен бункер бомбаларымен соққы беріп, қақтығысқа кіріскен. Екі күннен кейін Иран алдын ала ескерту жасап, Қатардағы АҚШ әскери базасына шабуыл жасады. 24 маусымда Израиль мен Иран АҚШ-тың қысымымен атысты тоқтатуға келісті.