Тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде тері мен жүнді өңдеу жобалары іске асырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мал шаруашылығын кешенді дамыту үшін өндіріс көлемін ғана емес, сонымен қатар саланың қосылған құнын арттыру да маңызды. Осы бағытта тері мен жүнді өңдеу жобалары іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы "КАЗФЕЛТЕК" ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асыруда, ал Алматы қаласында "Iskefe Holding" ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын іске асыруда", – деді АШМ басшысы Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, шетел валютасындағы түсімді арттыру мақсатында тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталды.

"Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіпорын шикізат сатып алу көлемін арттырды. Бұл қабылданған шаралардың сұранысқа ие екенін көрсетеді", – деді Айдарбек Сапаров.